Меню KDT

Кредиттік серіктестіктердің қызметі

Кредиттік серіктестіктердің қаражаты өз қатысушыларына кредиттерді беруге бағытталады. Сондай-ақ өтімділікті қолдау мақсатында белгілі сомалар өзге қаржы институттарының шоттарында сақталуы мүмкін.

Қазақстан Республикасында құрылатын кредиттік серіктестіктің мүшелері жеке, сондай-ақ заңды тұлғалар болуы мүмкін. Алайда басқа шет елдерде кредиттік одақтар басымды түрде жеке тұлғалар үшін құрылады. Тағы да бір айырмашылық – Қазақстанда кредиттік серіктестікке қатысу ашық түрде көрініс тапқан, яғни оған кіруге ниет білдірген кез келген тұлға кредиттік серіктестіктің қатысушысы бола алады. Бір қатар шетелдік кредиттік одақтардағы мүшелік белгілі бір нышандармен шектелген, олар: аймақтық, кәсіби және т.б. белгілер.

Кредиттік серіктестік кредиттерді кредиттік серіктестік қатысушыларының Жалпы жиналысымен бекітілген кредит саясатына сәйкес өз қатысушыларына ғана шарттық негізде мерзімділік, қайтарымдылық және ақылылық қағидаларына сүйене отыра ұсынады. Кредиттік серіктестіктің кредит саясаты және өзге ішкі нормативтік құжаттары берілетін кредиттердің барынша үлкен мөлшерін, кредит бойынша мерзім мен пайызды белгілеу тәртібін, кепілмен қамтамасыз етудің тиімді нысандарын, сондай-ақ берілген кредиттер бойынша мониторингтің талаптарын айқындайды. Кредитті беру туралы шешімді қабылдаған кезде қарыз алушының төлем қабілеттілігіне ерекше мән беріледі.

Кредиттік серіктестік қарыздарды жарғылық капитал, кредиттік серіктестіктің табысы, сондай-ақ заңға сәйкес өзге көздерден тартылған қаражат есебінен беруі мүмкін.

Кредиттер тұтынушылық, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті іске асыруға арналған болуы мүмкін. Әдеттегідей, АӨК кредиттік серіктестіктері қауымдастығының құрамына кіретін кредиттік серіктестіктер кредиттерді ауылдағы ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті дамытуға және келесі бағдарламалар бойынша ауыл бизнесін дамытуға береді:
Өсімдік шаруашылығын дамыту;
-Мал шаруашылығын дамыту;
-Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу;
-Етті тұқымды жас төлдің ұдайы өндірісі үшін ІҚМ аналық басын және асыл тұқымды бұқаларды сатып алуға арналған кредиттеу бағдарламасы («Сыбаға»);
-Етті бағыттағы импорттық селекциялық ІҚМ сатып алуға арналған кредиттеу бағдарламасы;
-Ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту;
-Айналым қаражатын, оның ішінде көктемгі егіс және жинау жұмыстарын өткізуге қаржыландыру жолымен АӨК субъектілерін қолдау;
-Ұсақ қара малды сатып алуға арналған кредиттеу бағдарламасы («Алтын Асық»);
-Жылқы шаруашылығын дамытуға арналған кредиттеу бағдарламасы («Құлан»);
-Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымының құрылысын кредиттеу бағдарламасы;
-Кепілсіз кредиттеу бағдарламасы («Жедел несие»).

Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамасына сәйкес кредитті уақытылы емес немесе толық емес өтеуге жол берген кредиттік серіктестіктің мүшелеріне қатысты кредиттік серіктестік келесі шараларды қолдануға:
 - кредит бойынша мерзімді өткізгені үшін өсімді өндіріп алуға;
- қарыз алушымен мерзімі өткен кредитті қайтару мәселесі бойынша байланыс орнатуға (тұрғылықты орнына, жұмысына бару, телефонмен қоңырау шалу);
- құқық қорғау органдарына және прокуратураға жүгінуге; кепілді алуға және сатуға;
- кепілмен қамтамасыз етуге тыйым салу және оны өткізу мәселесі бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар.

Кредиттік серіктестікті басқару мен бақылау

Кредиттік серіктестікті басқарудың басты міндеті — оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Кредиттік серіктестік оның мүшелерінің жалпы жиналысымен, Басқармамен, Тексеру комиссиясымен, Бақылау кеңесімен басқарылады.

Кредиттік серіктестіктің жоғары басқарушы органы – оның қатысушыларының жалпы жиналысы болып табылады. Кредиттік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысын өткізу тәртібі кредиттік серіктестіктің жарғысында көзделеді.

Кредиттік серіктестік қатысушыларының жыл сайынғы (жылдық) жиналысы қаржы жылының аяқталуынан соң үш айдан кеш емес өткізіледі.

Жыл сайынғы жиналыстардан басқа кредиттік серіктестік басқармасының немесе кредиттік серіктестік қатысушыларының жиырма бес пайызынан кем емес мүшелердің бастамасы бойынша кезектен тыс жиналыстар өткізілуі мүмкін.

Жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне келесі мәселелер бойынша шешімдер жатқызылады:

 - серіктестіктің оның (олардың) нәтижесінде құны серіктестік активтері құнының жалпы мөлшерінен жиырма бес және одан артық пайызды құрайтын мүлік сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мәмілелер немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелер жасауы туралы;
 - серіктестік міндеттемелерін меншікті капиталы мөлшерінен жиырма бес және одан артық пайызын құрайтын сомаға ұлғайту туралы;
 - кредиттік серіктестік қызметінің бағыты туралы; кредиттік серіктестіктің кредиттік және инвестициялық саясатын айқындау туралы;
 - кредиттік серіктестік басқармасының, тексеру комиссиясының (тексеруші) мүшелеріне және өзге қызметкерлеріне еңбекақы төлеу тәртібі туралы; қатысушылардың қосымша жарнаны енгізу және алу тәртібін белгілеу туралы;
 - кредиттік серіктестік активтерін есептен шығару тәртібі туралы;
 - кредиттік серіктестікке қатысушыларды қабылдау және шығару тәртібі туралы;
 -  жылдық кіріс және шығыс сметасын және оны орындау туралы есепті бекіту туралы;
 - есеп саясатын қалыптастыру туралы; жылдық қаржылық есептілікті бекіту туралы;
 - өзге мәселелер бойынша.

Кредиттік серіктестіктің басқармасы қатысушылардың жалпы жиналысымен сайланады және кредиттік серіктестіктің ағымдағы қызметін басқарады.

Кредиттік серіктестіктің басқармасы жыл сайын кредиттік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы алдында өз қызметінің нәтижелері туралы есеп береді.

Кредиттік серіктестік басқармасының өкілеттіктері:
- кредиттік серіктестік қызметінің ішкі ережелерін қабылдау туралы және кейіннен оларды өзгерту туралы ұсыныстар дайындауды;
- кредиттік және инвестициялық саясатқа қатысты ұсыныстарды кредиттік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының қарауына дайындау мен шығаруды;
- кредиттік серіктестіктің ішкі кредиттік саясаты және кредиттік комитеті туралы ережелерді әзірлеуді;
- жылдық кіріс және шығыс сметасын және оны орындау туралы есепті дайындау мен ұсынуды;
- жылдық қаржылық есептілікті дайындау мен ұсынуды;
- қызметкерлер үшін еңбекақы төлемінің мөлшерін белгілеуді;
- кредиттік серіктестікке қатысушыларды қабылдау мен құрамнан шығару мәселелері жөніндегі құжаттар дайындауды және оларды кредиттік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына шығаруды;
- кредиттік серіктестіктің ағымдағы қызметімен байланысты және кредиттік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының ерекше құзыретін құрамайтын өзге өкілеттіктерді іске асыруды қамтиды.

Кредиттік серіктестік басқару органдарының қызметіне бақылау жасауды іске асыру үшін жалпы жиналыста одақ мүшелері санынан Тексеру комиссиясы сайланады. Кредиттік серіктестік басқармасының, кредиттік комитетінің төрағасы және мүшелері, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстары тексеру комиссиясының мүшелері бола алмайды.

Тексеру комиссиясының (тексерушінің) өкілеттіктеріне, Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерімен көзделген мәселелерден басқа:
1) мерзімді жоспарлы және жоспардан тыс тексеруді өткізу жолымен кредиттік серіктестік, оның органдары және лауазымды тұлғалар жасайтын әрекеттер мен операциялардың Қазақстан Республикасы заңнамасының және кредиттік серіктестік ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес болуын анықтау;
2) кредиттік серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына және басқармаға кредиттік серіктестік қызметін жақсарту бойынша ұсыныстар беру кіреді.